«Оңалту және банкроттық туралы заңнамасының жаңашылдықтары»

18 маусым 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
«Оңалту және банкроттық туралы заңнамасының жаңашылдықтары» - 785814339

Ағымдағы жылдың 6 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңның жаңа редакциясында кредиторлар комитетінің құзыреті кеңейтілді. Бұрын өндіріп алушы сотпен ұсынылған уақытша администратордың кандидатурасын қабылдауға мәжбүр болса, қазір уақытша, банкроттық және оңалту басқарушыны борышкердің кредиторлар комитеті таңдап тағайындайды, басқарушымен шарт жасайды.

Бұл жаңашылдық кредитор мен басқарушы арасындағы ықпалдастықты нығайтып, кандидатураны таңдау кезіндегі коррупциондық сипатындағы көріністі жояды. Сонымен қатар бәсекелестік артып, басқарушылардың жұмыс сапасы жоғарылайды. Кредитор заңды түрде басқарушының жұмысының сапасына қарап, өзіне ыңғайлы тұлғаны таңдай алады.

Кредитормен борышкерге қатысты банкрот деп тану туралы арызды сотқа беру тәртібі жеңілдетілді. Егер бұрын кредиторға міндеттеменің орындалмауы үшін 3-тен 4 айға дейін күтуге тиісті болса, ал борышы 300 АЕК жеке кәсіпкер үшін, заңды тұлға үшін 1000 АЕК-тен артық болуға міндетті болса, қазір борышкерді банкрот деп тану үшін заңды күшіне енген сот актісі болғаны ғана жеткілікті.

Жаңа өзгерістер кредитор үшін жағдайды жеңілдеткен болса, борышкер үшін банкрот деп тану туралы арыз беруде бірқатар қиындықтар туындады. Егер бұрын жай өтелмеген борыштың болуы мен мүліктің болмауы төлем қабілеттілігі жоқ және қалпына келу мүмкін емес жағдай да банкрот деп танудың негізі болса, қазір борышкердің орнықты төлем қабілетсіздігі оның өзін банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылады

Заңға сәйкес егер борышкердің міндеттемелері сотқа өтініш берілген күнге және өтініш берілген жылдың басына, сондай-ақ егер борышкер өтінішті күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында берген жағдайда, өтініш берілген жылдың алдындағы жылдың басына оның мүлкінің құнынан асып кетсе, төлем қабілетсіздігі орнықты болып табылады. Осыған байланысты жай ғана мүліктің болмауы мен борыш міндеттемелерінің орындалмауы банкрот деп тануға жеткілікті емес. Бұл жаңашылдық жосықсыз борышкерлерді  жоюға үлкен септігін тигізіп, бұрын кредиторлар алдында өз міндеттемелерінен банкрот деп тану арқылы қашып құтылуына бөгет жасады.

Тағы да бір жаңашылдық ол - жеделдетілген оңалту рәсімі түсінігінің жойылуы, оның орнына берешекті қайта құрылымдау түсінігі пайда болды. Оған сәйкес берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасуға міндетті.

Қайта құрылымдау туралы арызды берген күннен бастап айыппұлдың есептелуі, кредиторларда банкрот деп тану туралы арыз беру құқығы уақытша тоқтатылады.

Бұл өзгеріс өз қызметін әрі қарай жалғастыруға талпынысы бар борышкер үшін көп қаражат пен уақыт жұмсайтын сот дауларынан және барлық мүлікті сатумен байланысты ұйымның жойылуынан сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар өз алдына үшінші тұлғаның қатысуынсыз кредиторлармен келісімге отыру арқылы ортақ шешімге келген жағдайда борыш сомасын төмендету мүмкіншілігіне ие болады.

Баяндалғаннан басқа жаңа заңға сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылығының 3 сыныбы бекітілді, олар сотқа жүгінгеннен кейін пайда болатын салдарды белгілейді.

Заңның 49-1 бабына сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылық сыныбын айқындау оның қаржылық-шаруашылық қызметінің тиімділігін сипаттайтын коэффициенттерді есептеу арқылы жүзеге асырылады.

Қаржылық орнықтылық сыныбының шекараларына сәйкес борышкер мына сыныптардың біріне жатады: І сынып – қаржылық жағынан орнықты; ІІ сынып – банкроттық қатерімен ұштасқан, бірақ қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру мүмкіндігі бар; ІІІ сынып – қаржылық жағынан орнықсыз.

Бұл өзгеріс борышкерлер үшін тиімді, себебі банкрот деп тану туралы арыздың берілуіне қарамастан оңалту немесе борышты қайта құрылымдауды қай кезде қолдануға болатын шарттарын белгілейді.

Жаңа заң белгілі бір түсініктерді нақтылады. Мәселен, оңалту рәсімін тоқтату туралы арызбен жүгінуге оңалтуды басқарушыға борышкердің оңалту рәсімі қолданылғаннан кейін туындаған ақшалай міндеттемелерінің жалпы соммасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге кредиторлық берешектің жалпы соммасының жиырма пайызынан асып түскен жағдайларда және кредиторлар жиналысының шешімі негіз болады. Бұрын оңалту рәсімін тоқтату үшін басқарушының тек өзіндік қорытындысы ғана жеткілікті болады.

Қорытындылай келе, жаңа заң кредиторлар комитетінің құзыреттілігін кеңейтіп, сот пен өкілетті органның қатысуын қысқартты. Бұндай өзгерістер банкрот пен оңалту рәсімін қолдану тәжірибесіне оң нәтиже береді, себебі басқарушылар арасында бәсекелестікті арттырып, коррупциондық сипатты жояды. Көптеген мәселелер кредиторлардың өздерімен шешіледі. Бұған қоса, белгілі бір рәсімдердің, түсініктердің нақты ережесі бекітіліп, орын алған проблемалардың жойылуына үлесін қосады.