Залал өндірілді

26 желтоқсан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Залал өндірілді - 1058287034

  БҚО Жәнібек ауданы прокуратурасының қадағалау актісімен мемлекет пайдасына 10,8 млн. теңге өндірілді.

  Анықталғаны, азаматтар С.А және Ж.А. 2018 жылдың 22 наурызында Мұратсай ауылдық округінің «Әлем» қыстағының маңында «Escudo Bombardier» қаршанасымен қуып жүріп, 3 бас киікті атып өлтіріп, мүйіздерін кесіп алған.

  2018 жылғы 20 маусымдағы Жәнібек аудандық сотының үкімімен ҚК-тің 337-бабы (заңсыз аңшылық) және 339-бабы (жануарлардың пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша С.А. және Ж.А. кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандықтары шектеліп, олардан мемлекет пайдасына 10,8 млн. теңге өндірілген.

  Алайда, сотталғандар осы уақытқа дейін тек қана 531 мың теңге төлеген.

  Атқарушылық құжатты тексеріп, ақпараттық жүйелер арқылы прокурорлар борышкерлердің меншігіндегі жер учаскесі, үй мен автокөліктен басқа 175 ірі қара мал және 55 жылқы бар екендігін анықтады.

  Прокуратураның ұсынуы бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32, 66-баптарының тәртібінде сот орындаушы мүліктің тізімдемесін жасап, олардың барлығына тыйым салды.

  Анықталған мүлікті сауда-саттыққа шығару туралы хабарлама берілгесін борышкерлер қалған соманы толығымен өтеді.