Прокурорлар есепке алынбаған салық салу объектілерін анықтады

04 қыркүйек 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Прокурорлар есепке алынбаған салық салу объектілерін анықтады - 2046356408

  БҚО Тасқала ауданының прокуратурасы жер пайдаланушылардың салық төлеуін талдап, салық салу объектісі ретінде есепке алынбаған жалпы алаңы 111505 га құрайтын 145 жер учаскесін анықтады.

  Жер кодексінің 65-бабына сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге міндетті.

  Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 498-бабына сай жеке меншiк құқығында; тұрақты жер пайдалану құқығында; бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығында салық салу объектiлерi бар тұлғалар жер салығын төлеушiлер болып табылады.

  Жергілікті атқарушы және мемлекеттік кірістер органдарының арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауынан 2014-2017 жылдары жер учаскелерін алған жер пайдаланушылар оларды Мемлекеттік кірістер басқармасында тіркемеген, бұл өз кезегінде жер салығының есептелмеуіне және төленбеуіне алып келді.

  Мысалға, «И» шаруа қожалығы төрт жыл бойы есебінде 1313 га құрайтын жерді көрсетпей, тек 20 мың теңге жер салығын төлеген.

  Ескертуден кейін қожалық басшысы қосымша есептелген 90 мың теңге салықты төледі.

  2016 жылдан бері салық салу объектісі ретінде «Д» шаруа қожалығына берілген 3000 га жер учаскесі есепке алынбаған.

  Бұл мәлімет анықталғаннан кейін ғана меншік иесі бюджетке учаскені пайдаланғаны үшін 43 мың теңге және 21 мың теңге салық төледі.

  «К» шаруа қожалығының пайдалануында 3319 га жер болғанмен, ол бірнеше жыл тек 2211 га жерге 147 мың теңге салық төлеген.

  Оған 80 мың теңге салық салынып, ол толығымен төленді.

  Қадағалау актісі бойынша аудан әкімдігі мен мемлекеттік кірістер басқармасымен салық салу объектісі ретінде танылған жер учаскелерін есепке алу бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ бюджетке 2 млн. теңге салық өндірілді.

  Сонымен қатар, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу