БҚО-да мал ұрлығы үшін қылмыстық топ сотталды

13 қараша 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
БҚО-да мал ұрлығы үшін қылмыстық топ сотталды - 528628758

  БҚО Қаратөбе ауданы прокуратурасымен ұйымдасқан қылмыстық топ құру арқылы мал ұрлығын жасау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің заңдылығына тиісті қадағалау ұйымдастырылып, ол бойынша сотта мемлекеттік айыптауды аудан прокуроры Ғ. Мұхитов қолдады.

  Анықталғаны, Т. есімді азамат құрған қылмыстық топ мүшелері Б. мен Д. 2015 жылдың наурыз айынан 2018 жылдың қараша айы аралығында Қаратөбе, Сырым аудандары аумағында 22 рет мал ұрлығын жасаған.

  Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен барлығы 36 адамға тиесілі 118 бас ірі қара және 26 бас жылқы малы ұрланған.

  Жәбірленушілерге 28 млн. теңгеден астам шығын келтірілген.

  Топтың мүшелері жайылымда жүрген малдарды өздері тұратын Кіші Қоскөл ауылына айдап келіп, оларды сойып, жалған құжаттар жасау арқылы етті Орал және Ақтөбе қалаларына апарып сатып, пайда тапқан.

  Мысалы, 2015 жылдың қарашасында Т. атты ұйымдастырушының нұсқауымен Д. мен Б. Құрсай аумағынан С. есімді азаматқа тиесілі жалпы құны 4,2 млн. теңге бағаланатын 17 бас ірі қара малын ұрлап кеткен.

  2016 жылғы 1 желтоқсанда Т. бағдарлауымен топ мүшелері екі атқа мініп, Ақкөл қыстағы маңынан Қаратөбе ауылы тұрғындарына тиесілі 22 бас ірі қара малын айдап кеткен.

  Нәтижесінде сегіз жәбірленушіге 4 млн. теңге, яғни аса ірі мөлшерде залал келген.

  Қылмыстық топтың кінәсі сотталушылардың бірінің кінәні толығымен мойындауымен, куәлар мен жәбірленушілердің жауаптарымен, алынған заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен толықтай дәлелденді.

  Сырым аудандық сотының 2019 жылғы 26 маусымдағы үкімімен Т., Д. және Б. ҚК-нің 262-бабының 1,2-тармақтарымен (ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық жасау және оларға қатысу) және 188-бабының 4-тармағымен (ұрлық) кінәлі деп танылды.

  Сотпен Т. және Д. тиісінше сегіз және жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал Б. бес жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

  Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 28 млн. теңгеден астам қаражат өндірілді.

  2019 жылғы 3 қыркүйектегі облыстық соттың апелляциялық сот алқасының қаулысымен үкім заңды күшінде қалдырылды.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу