Арыз – шағыммен жүгінгіңіз келсе...

10 қазан 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудегі ең тиімді құралдардың бірі прокуратура органдарына өтінішпен жүгіну болып табылады.

Өтініштер, біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, заң талаптарының бұзылуы туралы нақты мәліметтерді қамтуы және жолдағалы отырған прокуратура органының құзыретіне сәйкес келуі шарт.

Сонымен қатар, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес, прокуратура басқа мемлекеттiк органдарды алмастырмайтындығын және ұйымдардың қызметi мен азаматтардың жеке өмiрiне араласпайтындығын ескеру қажет.

Мәселен, көршілердің түнгі уақыттағы тыныштықты бұзу әрекеттеріне қатысты арыздар тиісінше ішкі істер органдарына жолдануға жатады. Егер де, уәкілетті құқық қорғау органымен арыз бойынша қажетті шаралар қабылданбаған немесе арызыңызға уақтылы жауап берілмеген ретте, арыз иесі аталмыш органның әрекетсіздігіне қатысты прокуратура органдарына шағым беруге құқылы.

Осы аталған ұстанымға сәйкес, егер де өтініште мазмұндалған сауалдардың шеңбері қандай да бір уәкілетті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, және азамат бұл органға жүгінбеген ретте арыз тиісінше органға жолданады.

Прокуратура органдарына арызбен жүгіну үшін кімнің тарапынан орын алуына қарамастан, кез келген заң бұзушылық негіз болады. Прокуратураға жүгінуге тек азаматтардың құқығы бұзылған ретте ғана емес, сондай-ақ, заңды тұлғалардың, мемлекет пен қоғамның мүдделерінің бұзылуы да себеп болмақ. 

Сонымен қатар, прокуратура органдарына арыз-шағымдар арыз иесінің өтініші бойынша қоғамдық бірлестікпен немесе еңбек ұжымымен де жолдануы мүмкін.

Прокуратураға жазбаша түрде жүгінудің қатаң түрде белгіленген нысаны жоқ. Өтініш еркін түрде жазылады. Алайда, міндетті түрде өтініште арыз иесінің тегі, аты, әкесінің аты, мекен-жайы сынды мәліметтер болуы қажет.

Арыз иесі егер прокуратура органының жауабымен келіспеген ретте жоғары тұрған прокуратураға шағым жасауға құқылы. Прокурордың шешімімен азаматтың келіспеуі оны өзінің құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуден шектемейді.

Басым көпшілік жағдайларда қолданыстағы заңнаманы жеткіліксіз білу, өтініш иелерін толғандыратын мәселелерді шешуге қатысты мемлекеттік басқару және билік органдарының құзыреті туралы ақпараттың жоқтығы мүдделі тұлғалардың прокуратура органдарына негізсіз жүгінуіне әкеп соғады.

Мәселен, тек ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ғана қалалық прокуратураға келіп түскен 2000-нан астам арыз-шағымның 900-і немесе 36% уәкілетті мемлекеттік органдарға мәні бойынша, Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңының 7-бабының 6-тармағына сәйкес жолданған болатын.

Сол себепті, арыз иесімен көрсетілген сауалдарды шешу құзыретіне жататын органға арыз-шағымды уақтылы жолдау оның мәселелерінің тез арада шешілуінің кепілі болып табылады.

Орал қ. прокуратурасының

аға прокуроры Жанар Иманғалиева

Құқықтық Қазақстан 10 қазан 2016 жыл